Бүгін мектебімізде 2022 жылғы мектеп түлектеріне арналған «Сыңғырла, соңғы қоңырау» салтанатты шарасы өтті.
Мектебіміздің 69 түлегі үшін соғылған соңғы қоңырауға Батыс Қазақстан облысының әкімі Есқалиев Ғали Нәжімеденұлы, ұстаз,«Ерен еңбегі үшін» орденінің иегері,«Еңбек ардагері» Сапаров Ерсайын Қадырұлы қатысты.
Шара ҚР Мемлекеттік гимнімен ашылды. Алғы сөз алған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы түлектерге ақ жол, сәт сапар тіледі. Одан кейін өнер мектебінің үлгілі «Атамұра» халық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі күмбірледі. Шара мектеп директоры Хамзина Аягөз Орынбайқызы, ата-аналар атынан Жаннатов Эрнст Климұлы және мектебіміздің 2002жылғы бітірген түлектері Нәсіпқали Мақсат пен Маханова Гүлмираның құттықтау сөздерімен жалғасты.
Салтанатты шара барысында жыл сайынғы дәстүрге сай, мектебіміздің жоғарғы нәтижеге қол жеткізген ұстазы мен шәкіртіне қолдау көрсету мақсатында «Конденсат» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің корпоративті хатшысы Турешева Данира «Жыл таңдауы -2022» номинациясын - химия пәнінің мұғалімі Казиханова Эльмира Бисенбаевнаға және 11 в сынып оқушысы Сариев Едігеге табыстады.
Мектепте өткізілген байқаудың жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге жолдама алған, қазақ тілі мен мен әдебиеті пәні мұғалімі Имашева Динара Иманбайқызына ардагер ұстаз Ерсайын Қадырұлы «Үздік педагог-2022» номинациясын табыстады. Сондай-ақ аталған номинациямен мектебіміздің тарих пәні мұғалімі Опиев Дархан Жайшылықұлы да марапатталды.
«Үздік тәрбиеші-2022» номинациясына Мусағалиева Әселім Кайырбекқызы ие болса, «Дарынды түлек- 2022» номинациясын мектеп түлектерінен 11 а сынып оқушылары Жүсіп Ақжол мен Темирхан Мақпал, 11 б сынып оқушысы Климова Найла және 11 в сынып оқушысы Қонысов Нұржігіт қанжығалады.
Одан кейінгі сөз кезегі жүректері толқып тұрған мектеп түлектеріне берілді. Олар 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан мектеп мұғалімдеріне гүл шоқтарын ұсынып, артынан ерген ізбасарларына алтын ұя мектептерін аманаттады. Аманатты 10 сынып оқушылары қабыл алып, мектептің мерейін үстем, мәртебесін биік қылуға ант берді.
Шара түлектердің мектеп вальсімен өрбіп, мектеп бітірушілер соңғы қоңырау үнін сыңғырлатты. Түлектердің арманын биікке ұшырып, ең үлкен өмір мектебіне шығарып салатын салтанатты шара 11 сынып оқушысы Бүркіт Аружанның орындауындағы «Соңғы қоңырау» әнімен қорытындыланды.