С.Сейфуллин атындағы №11 ДБАОММЛИ

Ата-аналармен байланыс – тәрбие алғышарты

Білім сапасын арттырып, баланың оқуына жайлы әрі сенімді орта қалыптастыру, ата-ана-мектеп-оқушы үштік одағының қарым-қатынасын нығайту мақсатында ата-аналармен бірлесіп және олардың қатысуымен түрлі спорттық, танымдық, тәрбиелік шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.

Атап айтсақ, қыркүйек айында «Менің отбасым – менің байлығым» тақырыбындағы ата-аналармен бірлескен сынып сағаттары (өткізген: тәрбиешілер, сынып кураторлары), «Ата-аналардың педагогикалық сауаттылығы арттыру» тақырыбындағы тренингтер (өткізген: мектеп психологтары) өткізілді. Қараша айында «Бақытты ана – бақытты бала» тақырыбында аналар мен қыздарға арналған тәрбиелік шарасы (өткізген: «Ақжібек» қыздар клубының жетекшісі А.Сағынғалиева), «Толағай» отбасылық спорттық сайысы (өткізген: сынып кураторлары), «Дене белсенділігі – денсаулық кепілі» атты ата-аналармен волейболдан жолдастық кездесу (өткізген: дене шынықтыру пәні мұғалімдері) өтті. Ата-аналармен бірлескен тәрбие жұмыстарын жандандыру мақсатында «Әлеуметтік желілер отбасының өзара қарым-қатынасына кедергі келтіреді деп есептейді» тақырыбында ата-аналармен дебат ойыны оздырылды. Берілген тақырып шеңберінде «Үкімет» (ата-ана – Есенаманова Жұлдыз Темирғалиевна, 8 «е» сынып оқушысы Қайрат Сабина) пен «Оппозиция» (ата-ана – Сисенғалиева Самал Қобыландықызы, 10 «а» сынып оқушысы Аманқос Жібек) өкілдері өз ойларын ортаға салып, пікір-пайымдарын нақты дәйектермен дәлелдеді. Тартысты өткен дебатқа ойынның тәуелсіз төрешісі өз бағасын беріп, мектеп директоры Хамзина Аягөз Орынбайқызы кездесуді қорытындылады. Ата-аналар ризашылықтарын білдірді (өткізген: «Жебе» дебат клубының жетекшісі А.Тастемирова).

 «Бала құқығы – адам құқығы» республикалық онкүндігі аясында мектеп психологтары «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбында ата-аналар арасында семинар-тренинг өткізді. Мақсаты: қоғамдағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрі туралы ақпарат бере отырып, балаға деген қатыгездік пен немқұрайлылық мәселесіне ата-аналардың назарын аударту. Шара барысында ата-аналар психологтар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өмірден мысал келтіре отырып тақырып мазмұнын ашып, өз ұсыныстарын білдірді. Көтерілген тақырыпты талқылауда ата-аналар белсенділік танытты. Желтоқсан айында 9-11 сынып оқушыларына «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында мамандықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мақсаты: оқушы-мектеп-ата-ана үштік одағының қарым-қатынасын нығайту, жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағыт-бағдар беру, оқушылардың жеке қабілет-қасиеттеріне қарай жанына жақын мамандық таңдауына ықпал ету. Жәрмеңкеге ұрпақ тәрбиелей жүре әртүрлі салада қызмет етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген түрлі маман иелері - мектебіміздің ата-аналары қатысты. Атап айтсақ, стоматолог, полиция қызметкерлері, эколог, экономист, банк қызметкері, хирург, адвокат, акушер-гинеколог, УЗИ маманы, қыш құмыра өнері шебері және «Makerspace» шеберханасының үйлестіруші маманы қатысып, оқушыларға өз мамандықтары, қызмет саласы жайында егтей-тегжей баяндап, қызықты да құнды ақпараттармен бөлісті. Оқушылар өткен шараға үлкен ықылас пен қызығушылық танытып, білім қоржындарын толықтырды (Өткізген: педагог-кәсіби бағдар беруші Қ.Исқазиева). Тәуелсіздік күніне орай «Жеңісіміз ел Тәуелсіздігіне арналады» тақырыбында ұстаздар мен ата-аналар арасында волейболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Мақсаты: Тәуелсіздік күнін мерекелеу, ата-аналар мен ұстаздар арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнату. Ата-аналармен бірлескен мұндай шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді және алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

 

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласы, Мұхит көшесі 37

Жұмыс телефоны: 50-62-73, факс: 50-62-73