С.Сейфуллин атындағы №11 ДБАОММЛИ

Көшбасшылар көрігі

«Тәрбие – кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз», - деп жантану ғылымының негізін қалаушы Мағжан Жұмабаев айтпақшы, дарынды балалармен жұмыстануда әр баланың өзіндік қабілет-қарымына қарай тұлға ретінде ашылуына және жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға қолдау көрсету, нұсқау беру – тәрбие ісіндегі басты міндетіміз. Осы бағытта мектебімізде оқушылардың қоғамдық, танымдық, әлеуметтік және шығармашылық қабілеттерін дамытуды мақсат еткен «Мектеп парламенті» және «Жас Ұлан» оқушылар мен жасөспірімдердің өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс жасап келеді. Мектеп Парламенті оқушыларының ұйымдастыруымен қыркүйек айында ұстаздар күніне орай «Дублер күні» оздырылды. Оқушылар бір күн бойы мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдерінің орнын алмастырып, сабақ беріп, түрлі тәрбиелік шаралар өткізді. «Дублер күні» мектебіміздің ардагер және барша ұстаздарына арналған мерекелік концертпен түйінделді. 20-27 қазан күндері мектебімізде өзін-өзі басқару ұйымдарының бастамасымен «Ресурстарды жина да, тапсыр» облыстық акциясы ұйымдастырылды. Қаламыздың экологиясына үлес қосу, табиғатты қорғау мақсатындағы акция аясында қағаз түріндегі (ескі, жарамсыз, бүлінген, боялған, сызылған, мыжылған қағаз, картон қағаз) қоқыстар жиналды. Нәтижесінде жиналған 4 қапшық қағаз «Жеңімпаз» ЖШС-ға қайта өңдеуге (макулатураға) тапсырылды. Акцияға мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері, оқушылар қатысты. Бұл акцияны оқушыларымыз тұрақты түрде жалғастырып, қайта өңдеуге тапсырудан түскен қаржыға мектеп Парламенті мен «Жас Ұлан» ұйымына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуды көздеп отыр.

6 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай мектебімізде оқу озаттары мен екпінділерін «Жас Ұлан» ұйымы қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Мақсаты: оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының жұмысын жандандыру, оқушыларды еліміздің патриоты болуға насихаттау, Тәуелсіздік мерекесінің қадір-қасиетін жас буын санасына сіңіру. Салтанатты шарада 5-7 сыныптардан 131 оқушы ұйым құрамына еніп, Ант қабылдап, оларға көгілдір галстук пен төсбелгілер табысталды. Мектеп директоры Хамзина Аягөз Орынбайқызы барша оқушылар мен ұстаздарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ұйымға қабылданушыларға артылар жауапкершілік жүгін атап айтты. Алдағы уақытта ұйымға қатарына енген оқушыларымыз да ұйымдардың жұмысын одан әрі жандандыруға өз үлестерін қосады деп сенеміз.

Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – тәу етер төл мерекем» атты ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, журналист, драматург, өңірімізге танымал ұлт жанашыры Мұнайдар Балмолдамен кездесу өтті. Мақсаты: қаламгер шығармашылығы арқылы өскелең буынды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулу, еліміздің тарихын дәріптеу, оқушыларды кітап оқуға, соның ішінде поэзияға деген ынта-ықыласын арттыру. Сыр-сұхбат түрінде өткен керемет кеште күй төгіліп, оқушылар ақын өлеңдерін асқақ сезіммен оқыды. Оқушылар шығармашыл жанның әдеби, тарихи әсерлі әңгімелеріне қанық боп, «1991-Қыркүйек», «1986-Желтоқсан» оқиғаларына қатысты мол тағылымды мәлімет алды. Рухы өр, жаны нәзік қаламгерлерге оқушылар сауалдарын жолдады. Тағылымға толы кездесу оқушыларымызға тарихымыздың ақтаңдақ беттерімен танысып, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыруға септігін тигізді деп білеміз (өткізген: педагог-ұйымдастырушы Ұ.Молдағалиева).

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласы, Мұхит көшесі 37

Жұмыс телефоны: 50-62-73, факс: 50-62-73