С.Сейфуллин атындағы №11 ДБАОММЛИ

Еріктілер – қайырымды қоғам кепілі

Қазан айында «Qadam» қоғамдық бірлестігінің мектемібіздегі мүшелері әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен және ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға көмек беру үшін «Бақытты балалық шақ сыйла» қамқорлық акциясын ұйымдастырып, қор ашқан болатын. Акцияға мектебіміздің мұғалімдері мен ата-аналары, оқушылар мен қала тұрғындары атсалысты. Нәтижесінде екі күн ішінде қорға жиналған қаражатқа 10-сынып оқушылары – еріктілер Тасболатова Назира мен Суиндикова Анель киім-кешек пен түрлі ойыншықтар, қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қаламыздағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге тарту етті. Сондай-ақ осы айда ерікті оқушыларымыз «Мейірбандық күндері» облыстық айлығы шеңберінде «Қамқорлық бізден» акциясын өткізді. Шара мақсаты: өзара қолдау мен қамқорлық көрсету, жанашырлық таныту.  Акция аясында оқушыларымыз белсенді әрі ерікті түрде мектебіміздің 1-қабатында жабдықталған арнайы қораптарға алма, апельсиннен әкеліп салып, Мектеп Парламентінің еріктілері жемістерді қаламыздың тазалығын қадағалаушы «Орал Таза Сервис» ЖШС қызметкерлеріне және мүмкіндігі шектеулі жандарға таратып берді. Адам ағзасы дәруменді қажет ететін күз мезгілінде ұйымдастырылған мұндай игі істі жақсы бастама деп санаймыз.

Жаңа жыл қарсаңында Парламент еріктілері жалғызбасты қарияларға көмек және қолдау көрсету мақсатында жалғызбасты ана Шин Тамараның үйіне барып, жәрдемдесті. Ауласын, үйінің ішін айнадай қылып тазалап берген оқушыларымызға Тамара анамыз риза болып, дастархан жайып өз өмірбаянын баяндап берді. Әжеміздің бала күнен бергі көрген қиындықтары мен өмір тауқыметі оқушыларымыздың көзіне еріксіз жас ұялатты. Мереке қарсаңында балаларымыздың апарған шағын тартуы мен қол ұшын созған риясыз ниеттеріне анамыз ақ батасын берді.

«Мектеп Парламенті» мен «Жас Ұлан» ұйымдары мүшелерінің атқарып жатқан іс-шаралары, әсіресе волонтерлік бағытындағы жұмыстары көңіл қуантарлық. Оқушыларымыздың жақсылыққа сеп болуға, барымен бөлісуге, қуантуға, демеу болуға деген талпыныстары мен ізгі көңілдері халқымыздың «жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген даналығын тұмар қып таққандай.

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласы, Мұхит көшесі 37

Жұмыс телефоны: 50-62-73, факс: 50-62-73