С.Сейфуллин атындағы №11 ДБАОММЛИ

Құқықтық сауаттылық. Министрмен кездесу

Құқықтық сауаттылық – мектебіміздің тәрбие жұмысының басты қағидасының бірі. Жыл басынан бері БҚО Балалар құқығын қорғауды қамтамасыз ету өкілдігінің омбудсмені, мектебіміздің 11-сынып оқушысы Хайырлыева Альмираның мұрындық болуымен оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, ҚР Заңдарын білуге және құрметтеуге баулу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. А.Хайырлыева ағымдағы жылдың 10 тамызда ҚР Оқу ағарту Министрлігі өкілдерімен онлайн форматтағы кездесуге және 18 тамыз Астана қаласында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында ҚР Оқу ағарту Министрлігі өкілдері және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен оффлайн кездесуге қатысып келді. Қыркүйек айында отбасы күніне орай «Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – басты талап» тақырыбында мектеп инспекторы А.Рысқалиева мен омбудсмен А.Хайырлыева оқушыларға құқық сабағын өткізді.

Сонымен қатар БҚО Бала құқығын қорғау өкілі ретінде 11-сынып оқушысы А.Хайырлыева «2022 – Балалар жылына» орай ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар Қорының ұйымдастыруымен 7 желтоқсан күні Астана қаласында «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы: қорғаудың жаңа тетіктерін енгізу» тақырыбында өткен конференцияға қатысты. Еліміздің әр өңірінен келген 40 баланың ішінен алғашқы боп «Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады» тақырыбында ҚР Оқу-ағарту Министрі А.Аймағамбетов алдында баяндама жасады. Алқалы жиында еліміздегі бала құқығын қорғауға қатысты өзекті мәселелер талқыға түсіп, бала құқығын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге қатысты ұсыныстар ортаға салынды. Бұған қоса 9 желтоқсан Астанада «Қазақстандағы балалар жылы: балалар құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, басты түйткілдер мен кедергілер» тақырыбында конференция ұйымдастырылған болатын. Халықаралық сарапшылары мен БҰҰ Балалар құқығын қорғау ұйымының өкілдері, ҚР Оқу-ағарту министрі, Балалардың құқығын қорғау комитетінің вице-министрі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен  педагогтер бас қосқан жиынға омбудсмен А.Хайырлыева да қатысып, ҚР Оқу-ағарту Министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің дипломымен марапатталды.

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласы, Мұхит көшесі 37

Жұмыс телефоны: 50-62-73, факс: 50-62-73