Биыл Сәкен мектебі үшін тарихқа алтын әріппен жазылар жыл болды. Республикаға танымал білім ордасы, киелі шаңырақ – Сәкен мектебінің ғасырлық тойы оның рухани иесі, ұлт ақыны Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Ал дәл осы жылы мектептің 100-ші түлектері ұясынан ұшып жатыр...
80 түлек – арман арқалаған сексен жүрек. Олар – ұстаз мейірімін бойына сіңіріп, біліммен қаруланған болашақ иелері.
Тарих пен тағылым тоғысқан кеш – "Мектебім, саған мың алғыс!" атты салтанатты шараға айналды.
Шарада облыс әкімі, БҚО Білім басқармасының басшысы, білімге жанашыр демеушілер, ардагер ұстаздар мен ата-аналар бас қосты. Зияткер шәкірттер марапатталып, жүрек тебірентер сөздер мен сәттерге толы кеш өтті.
Облыс әкімі Н.Т.Төреғалиев сөз сөйлеп, мектеп қабырғасында ерекше табандылықтарымен көзге түскен дарынды шәкірттерімізге бағалы сыйлықтар табыстады:
* «Жыл таңдауы – 2025» - Меңдіғали Назерке
* «Зияткер түлек – 2025» - Түмен Аружан
Кеш барысындағы шәкіртке жол сілтеген ұлағатты ұстаздардың жүрекжарды тілекпен өрілген әні, қоштасу вальсі, балалық пен болашақтың арасындағы көпір іспетті «Қош бол, мектебім» әні, толқыған ата-ана мен толғанған түлектер – бәрі де кешті шынайы әрі мәңгі есте қалатындай етіп өрді...
Мектеп – тек білім ордасы емес, жүрекке жақын, мәңгілік мекен...
Сәкен мектебі – білімнің шырағы, жүректің жыр-әні!
Шара мектеп ұстаздары, түлектер және ата-аналардың қатысуымен мектептің мәжіліс залында өткен "Білімім-Отаныма" атты тәрбие сағатына ұласты.