Мамыр айының 30-ы күні мектебімізде ерекше тебіреніс пен үлкен құрметке толы тағылымды шара өтті. Ұлағатты ұстаздық жолда сан жылдар бойы аянбай еңбек еткен, жас ұрпақтың жүрегіне білім мен тәрбие нұрын сепкен ардақты әріптестерімізді зейнеткерлікке шығарып салдық.
Бұл – жай ғана қоштасу кеші емес, өткен еңбек жолына тағзым ету, ұрпақ санасында мәңгі сақталатын жарқын бейнеге құрмет көрсету.
Кештің бірінші бөлімі-сұхбаттасу барысында зейнетке шыққалы отырған ұстаздарымыз өздеріне қойылған сұрақтарға жүрек төрінен шыққан шынайы жауаптарын беріп, жылдар бойғы тәжірибе мен еңбек жолдарынан түйген ойларымен бөлісті. Өткенге көз жүгіртіп, сыр шерту барысында бүгінгі күннің кейіпкерлері ғана емес, көпшілік көрермен де көздеріне еріксіз жас алды... Өйткені, бұл – жүрекке жеткен шын сөздің, өмірлік еңбектің және адал қызметтің әсері еді.
Кешіміздің екінші бөлімі құттықтаулар легімен жалғасты. Мектеп директоры Шынар Мулкайевна құттықтау сөз сөйлеп, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыстаса, Кәсіподақ төрайымы Динара Иманбайқызы кәсіподақ атынан жолдама ұсынды.
Сәкен мектебінің өсіп-өркендеу жолында өлшеусіз үлес қосқан ұстаздарымыздың зейнетке шығарып салу кешін әріптестерінен бөлек, шәкірттері мен балапандарын алғаш ұстаз қолына аманаттаған ата-аналар да назардан тыс қалдырмады. Өздерінің жүрекжарды тілектері мен алғыстарын айтып, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады.
Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, өмірдің өзі. Бүгін біз соған тағы бір мәрте куә болдық.
Аяулы ұстаздар, сіздердің шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбектеріңіз біз үшін үлгі-өнеге, ұлт үшін мақтаныш. Біз сіздермен мақтанамыз! Ұзақ жылғы еңбектеріңіздің тек жемісін көріңіздер!