Батыс Қазақстан облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Ералы Көшербаев пен Акерке Тілеген (жетекшісі – Г.Б. Мендыбаева) «Өртпен күресетін жасанды интеллект» жобасын әзірледі.
Өрт – адам өмірі мен қоршаған ортаға зор қауіп төндіретін апаттардың бірі. Көп жағдайда тілсіз жауды ауыздықтау барысында мамандардың өздері де қатерге тап болады. Осы орайда жас зерттеушілер өртті автоматтандырылған құрылғы көмегімен сөндірудің тың жолын ұсынды.
Өрт сөндіруші робот арнайы датчиктер мен микроконтроллер арқылы жұмыс істейді. Қозғалысы төрт редукторлық электрқозғалтқыш пен шынжыр табан (гусеница) арқылы жүзеге асады. Басқару жүйесі Arduino Nano және L298N Motor Driver арқылы қамтамасыз етіледі. Алдыңғы жағында орналасқан от сенсорлары жалынды анықтайды, ал қашықтық датчигі кедергілерден айналып өтуге мүмкіндік береді. Өртті сөндіру үшін су помпасы қолданылады, ол жоғары қысыммен су немесе көбік шашады. Құрылымы жоғары температураға төзімді болуы үшін стальден жасалған.
Яғни, роботтың жұмыс принципі – отты анықтау, оған қарай бағыт алу және автоматты түрде су немесе көбік шашып өртті сөндіру.
Жоба облыстық ғылыми жобалар байқауында бірінші орынға ие болып, республикалық деңгейде үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, оқушылардың жұмысы робототехникадан өткен «Roboland-2025» халықаралық жарысында екінші орынға ие болды.
Жас дарындардың бұл жетістіктері өскелең ұрпақтың ғылым мен техникаға деген қызығушылығының артып келе жатқанын айғақтайды. Олар ұсынған жоба қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталып қана қоймай, болашақта ғылыми-инновациялық ізденістерге жол ашатыны сөзсіз.
Анықтама үшін:
Орал қаласында орналасқан дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты – 100 жылдық тарихы бар білім ордасы. Қазіргі таңда мектепте 700-ге жуық жас дарынға 110-ға тарта педагог білім беруде.
Білім ордасы бірнеше жыл қатарынан еліміз бойынша «100 үздік олимпиадалық команда» құрамында болып, республикалық ғылыми жобалар байқауларында 20-ға жуық жеңімпазды тәрбиелеген.