Мектеп түлектерінің қолдауымен білім саласында 44 жыл еңбек етіп, оның 33 жылында мектеп директоры қызметін абыроймен атқарған, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Орал қаласының Құрметті азаматы Ерсайын Қадырұлы Сапаровтың еңбек жолы мен басқарушылық тәжірибесіне арналған «Білімнің бәйгеторысы» кітабы жарық көрді.
Кештің бірінші бөлімінде ұстаз туралы «Тұлға» фильмі көрсетіліп, кітаптың тұсауы кесілді. Тұсау кесу құрметі БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Набиоллаұлы Сафуллинге, Ерсайын Қадырұлы Сапаровқа және мектеп түлегі Бауыржан Ергенұлы Халиоллаға берілді.
Облыстық академиялық филармония ұжымының әсерлі концерттік бағдарламасы кештің мазмұнын толықтырып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бұл тағылымды кеш – бір адамның өмір жолы арқылы тұтас дәуірдің білім саласындағы даму тарихын айшықтап, жас ұрпаққа үлгі боларлық құндылықтарды дәріптеген, ұстазды ұлықтаған маңызды рухани шара болды.























































